-
 
Бастапқы бет ретінде орнату | Жиі қолданымға тірке| Кері байланыс  
 Сайт картасы  
     Жаңалық бөлімдері
>Атамекенде
>Шетелде
>Асарда
     Асар туралы

Көш неге саябырлады?

Уақыты: 2010-05-18
Еліміз егемендік алысымен, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бір кездері тағдырдың тәлкегіне ұшырап, әлемнің отыздан астам еліне тарап кеткен қандастардың атамекенге оралуына жағдай жасап, ата-бабамыз сан ғасырлар армандаған егемендіктің көк байрағының астына топтастыру мақсатында, «көші-қон саясатын» қолға алып, алыстағы ағайындарға атамекеннің құт құшағын айқара ашқан болатын.

Міне, содан бері 20 жылға жуық уақыт ішінде 1 миллионға жуық қандастарымыз атамекенге ат басын тірепті. Құдайға шүкір! Бұл–Қазақстанның демографиясына демеу болып отыр. Десе де, соңғы жылдары шеттен көшіп келетін ағайынның көші саябырлап қалды, әсіресе, Қытайдан келетін көш. Бұған не себеп?


Шекара сызығы бөліп тұр демесек, Қытайдағы қандастарымыздың жиі қоныстанған Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтары аты да, заты да айтып тұрғандай байырғы бабаларымыздың күл төккен мекені. Ондағы ағайынның елге оралмай отырғаны жылы орнын суытқысы келмегендіктен емес, Қытай еліндегі кедергінің көптігінен.


Қытай жағы бұрыннан Қазақстанмен арада келісілген Көші-қон заңының жоқ екендігін алға тартып, қандастарымыздың атамекенге оралуының алғашқы дайындығы болып саналатын паспорт алу мәселесіне келгенде қат-қабат кедергілерге тап қылады.


Қытайдан келген қандасымыз Хаділбек

– Қытайда көпшілік қандастарымыз ауылды жерде қоныстанған. Қазақстаннан шақырту алғаннан кейін оны қытай тіліне аудартудан бастап, ауылдық, аудандық, аймақтық сақшы мекемелерінің сыртқы істер бөлімінен өтіп, паспортын қолына алғанша талай есікті тоздыруға тура келеді. Ауылдардың жүздеген шақырым шалғайда қоныстанғанын ескерсек, жол шығынының өзі екінің біріне салмақ. Бұнымен шетелге шығу жұмысы біте қоймайды. Одан соң виза аштырудың қиыншылығы тағы тұрады. Виза мың шақырым шалғайдағы Үрімжі қаласында беріледі. Бұрындары жүрген-тұрған таныс-білістері арқылы паспортын беріп жіберіп, виза жапсыртып алуға болатын. Қазір паспорт иесі үй кітапшасы мен Қытайдағы жекебас куәлігін қолына алып өзі келмесе, виза бермейді. Апталап, айлап кезек күтіп жүріп әзер кіргізген паспортын виза шапталып болған кезде тағы да, сөзсіз, өзі барып алуы керек екен.


Соңғы жылдардағы Қытайдың қазақ мектептерін қытай тілді мектептерге қосу саясаты ондағы қандастарымыздың ұрпағының ана тілінен айырылу қаупін төндіріп отыр. Бұл – арғы беттегі ағайынның арқасына аяздай батып отырған мәселе. Сол себепті де бәрі елге оралуға мүдделі.


Әлемде Германия, Израиль, Қазақстан ғана – өз қандастарын атажұртына шақыруды қолға алған елдер. Көптеген елдер бұл мәселеге түсіністік танытып, атажұртына оралмақшы болғандарға барынша жеңілдіктер жасап отыр. Ал Қытай елі ше?..


Мәселен, көптеген мемлекеттерде азамат жасына толғаннан кейін жекебас куәлігімен қоса, шетелге шығу паспортын бірге алу мүмкіндігі қарастырылған. Ал Қытайдан келген қандастарымыздың айтуына қарағанда, онда бұл мәселе басқаша. Өмірі ауылдан алыс аттап шықпаған, бір ауыз қытайша білмейтін қыр қазағы үшін бұл бір азап. Үрімжі қаласына орналасқан еліміздің визалық тәртіп бөлімі қандастарымыздың жұмысын бірден бітіріп бере қоймайтын көрінеді. Делдалдар арқылы кіру кезегін саттырып, тәртіпті жиі бұзады екен. Онымен қоймай, тиын төлеп кезегін жылжытпаса, паспорт визалық тәртіп бөліміндегілердің столында ұзақ жатып қалуы мүмкін. «Ух!» деп виза алған мезетте медициналық тексеруден өтудің кезеңі келіп жетеді. Ол үшін ауыл, аудан тұрғындары аймаққа тағы бір шұбырады. 300-500 шақырым жол жүріп, шаршап-шалдығып барған оларды онда да кезек алудың қылкөпірі күтіп тұрады. Енді осыған кедендегі түрлі кедергілерді қосыңыз.


«Қытай өкіметі Көші-қон шақыртуымен біржолата қоныс аударушыларға шектеу қойып отыр. Әрбір аймақ, аудандарға 10-20 отбасына ғана рұқсат береді. Көп жерлерде Көші-қон шақыртуын мойындамай қоятыны тағы бар. Ал бұл кедергіні айналып өту мақсатында туыстық немесе жұмысқа орналасу шақыртуын алғандар мектеп жасындағы балаларын Қытай еліне аманатқа қалдыра тұруға мәжбүр. Бауыр еті баласы Қытайда қалып, өзі осында, ботасы жұртта қалған бозінгендей болып боздап жүргендер қаншама. Өйткені виза аштыру барысында шақыртуда есімі бола тұра, алты жастан асқан баланы әке-шешесінің паспортына тіркемейді. Ал Қытай өкіметі балаға арнайы паспорт жасап бермейді», – дейді қандастарымыз.

Атамекенге оралу арманын жүзеге асыру барысында көрген қиыншылықтарын айтқанда қандастарымыз қан жылайды. Елге келгеннен кейінгі көретіні – өз алдына бір мәселе.


Алыстағы ағайынның тілегі:

Қазақстан Қытаймен Көші-қон келісімшартын жасап, қазақ азаматтарына жекебас куәлігімен паспортты қоса беретін етсе, әр аймақтан виза ашу бөлімдерін орналастырса, кедендегі түрлі рәсімдеулерді жеңілдетсе.


Қытай елімен арадағы көші-қон мәселесін жеделдетіп, мемлекеттік дәрежеде шешіп алмасақ, көп нәрседен ұттыруымыз мүмкін. Кейде «оралмандар бізге не береді» деген сөздерді де естіп жатамыз. Бүгінгі мәселе біз қандастарымызға не бере алатынымыз жайлы. «Береген қолым – алаған» демей ме? Қазірше қамқорлық жасайық та, қайырымын уақыт еншісіне қалдырайық.


Тұрсынбек Кешубайұлы,  Қалдар БЕК


http://www.alashainasy.kz/?p=35849


18.05.2010   "Алаш айнасы"

Пікір жазу үшін тіркелуіңіз керек!
Сайтымызға тіркеліп үлгермесеңіз осы жерден тіркеліңіз.
Осы тақырыпқа жазылған пікірлер


     Журналистер
Есенгүл
Бекен
Кәмшат
Асқар
Mesut
Kendebay
yesmhan
Kuat
Токтар
Saulebek
сәулебек
орал
> Басқа журналистер
     Соңғы сурет
 
 


  © Атамекен-Асар. 2007