-
 
Бастапқы бет ретінде орнату | Жиі қолданымға тірке| Кері байланыс  
 Сайт картасы  
     Жаңалық бөлімдері
>Атамекенде
>Шетелде
>Асарда
     Асар туралы

Біржан НҰРЫМБЕТОВ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

Уақыты: 2010-05-13
Соңғы екі жылдан бері шетелдегі отандастарымызды атамекеніне әкелу мақсатында Президент тапсырмасымен «Нұрлы көш» бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Аталған бағдарлама тек сыртта жүрген қандастарымызға ғана арналған ба?... Осы және басқа да сауалдарға вице - министр Б.Нұрымбетов жауап береді.

- Осыдан біраз уақыт бұрын арнайы «Нұрлы көш» бағдарламасы әзірленгені белгілі. Аталған тарихи құжаттың басқа бағдарламадан артықшылығы неде?

- Заман талабына орай, мем­лекеттің көші-қон үдерістерінің басым бір бағытындағы саясатын одан әрі жетілдіру аясында, Елба­сының тапсырмасына сәйкес «Нұр­лы көш» бағдарламасы әзір­леніп, ол Үкіметтің 2008 жылғы 2 желтоқсандағы № 1126 қаулысы­мен бекітілді. Бағдарламаның бас­­ты мақсаты - аймақтың демо­графиялық жағдайына, әлеу­мет­тік-экономикалық дамуына, өн­дірістік күштердің орын ауыс­тыру кеңістігіне байланысты - миг­рант­тарды ұтымды орналастыру. Ал ерекшелігіне келер болсақ, біріншіден, ол елімізде іске асы­рылып жатқан 2015 жылға дейінгі аумақтық даму стратегиясының және ауылды дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемле­кеттік бағдарламасының құрамдас бөлігі болып табылады, екін­ші­ден, біз алғаш рет көші-қон саяса­тын ішкі және сыртқы көші-қон­ды қамтитын біртұтас бағдарлама ретінде әзірлеп отырмыз, үшін­шіден, бірінші рет мигранттарды жұмыспен қамту, тұрғын үймен және әлеуметтік, инженерлік-коммуникациялық инфра­құры­лыммен қамтамасыз ету мә­селесі жергілікті органдар деңгейінде кешенді түрде шешілетін болады.

- Сонда аталған жоба тек шетелде тұратын қандастарымызға ғана қатысты ма?

- Бұл бағдарламаның қаты­сушыларын бірнеше топқа бөліп қарауға болады. Біріншіден, эт­ни­­­оралмандарға (яғни тарихи Ота­­нына оралған қазақтарға) қа­тыс­ты шаралар шеңберінде қара­лады. Екіншіден, бүгінде шетелде тұра­тын Қазақстан Республи­касының бұрынғы азаматтары - отан­дастарымыз. Олар үшін шет­елдік жұмысшы күшін тарту аясында жеңілдіктер қара­сты­ры­лады. Үш­ін­шіден, еліміздің қо­лай­сыз ау­дан­­дарында тұратын өз азамат­тарымыздың ішкі көшіп-қонуына қатысты шаралар қарас­тыры­л­ған.

- «Нұрлы көш» бағдарлама­сына қатысушылардың негізгі орналастыру аймақтары қандай? Бұл алдын ала белгілене ме?- Қазақстан Республикасы­ның 2015 жылға дейінгі аумақтық даму стратегиясына сәйкес сол­түстік, оңтүстік және орталық аумақтық даму өңірлері «Нұрлы көш» бағдарламасына қатысу­шыларды негізгі орналастыру макроаймақтары болып табыла­ды.

Атап айтқанда, бағдарламаға қатысушылар көшбасшы қала­ларда жүзеге асырылатын серпінді жобаларды іске асыру үшін еңбек ресурстарына қажеттілікті қамта­масыз ету мақсатында сол қала­ларға серіктес қалаларда, ауылдық аймақтарды дамыту мемлекеттік бағдарламасына сәйкес даму әл­еу­еті жоғары және орташа село­лық елді мекендерде, ірі аудан­дардың әкімшілік маңызын арт­тыру үшін шекараға іргелес елді мекендерде көршілес мем­лекеттердің тарапынан демо­графия­лық қысымның алдын алу мақсатында қоныстандырылады.

- Ал жоба қалай жүзеге асы­рылып жатыр? Нақты дерек­тер­ге жүгінсек...

- 2009 жылы Ақмола (Кра­с­ный Яр ауылы), Шығыс Қазақ­стан (Курчатов қаласы), және Оңтүтік Қазақстан облысында (Шымкент қаласы Асар шағын ауданы) пилоттық жобалар іске асырылды. Мысалы, былтырғы жылдың соңында «Сарыарқа» ӘКК Көкшетау қаласы маңын­дағы Красный Яр ауылында 276 оралман отбасына арналған 138 екі пәтерлік тұрғын үй құрылысын аяқтады. Пилоттық жобаға қаты­суға 244 отбасыдан өтініш түсті, оның ішінде 165 отбасы «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша үй­лерге қоныстанды. Ал осы мамыр айының басында еліміздің шығы­сындағы Курчатов қаласында 40 пәтерлі 1 үй пайдалануға берілді, екінші тоқсанның соңына дейін 160 пәтерлік қалған 3 үйді қал­пына келтіру жұмыстары аяқ­талады деп жоспарлап отырмыз. Үшінші жобамыз Шымкент қала­сындағы «Асар» шағын ауданында 575 үйдің құрылысы аяқталды. Бүгінгі таңда бұл үйлерге 320 отбасы қоныстанып, қызу тір­шіліктерін бастап кетті. Тұрғын үймен қоса әлеуметтік және инженерлік-коммуникациялық құрылымдар да қарастырылған. Жалпы, осы жобаларға қатысу­шылардан 272 адам жұмысқа орналасып, 800-ге жуық адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр.

Бұған қоса, бағдарламаға қа­ты­су­шы оралмандарды тиімді қоныстандыру мақсатында ын­та­ландыру механизмдері қол­да­нылады. Еліміздің орталық және солтүстік өңірлеріне қоныс­тан­ғандар үшін бір жолғы өтемақы төлеу өзге өңірлерден ерекше болып отыр. Мысалы, еліміздің оңтүстігіне қоныстанған бес адам­нан тұратын оралман отбасы бір жолғы өтемақы ретінде 452 мың теңге алса, дәл сондай елі­міз­дің солтүстік облыстарында тұруға келісім берген отбасы - 1 130 мың теңге немесе 2,5 есе көп қаражат алады.

- Ал жобаның биылғы жайы қандай болмақ?- 2010 жылы «Нұрлы көш» бағдарламасы 6 пилоттық жоба көлемінде жалғасады: Атап айтар болсақ, Ақмола облысы (Степно­горск қаласында 70 тұрғын үй), Қостанайда (Заречный ауылында - 130), Ақтөбеде (Көктау ауылын­да - 200), Солтүстік Қазақстанда (Бәйтерек ауылында - 140), Шығыс Қазақстанда (Өскемен қала­сында - 363), Оңтүстік Қа­зақ­­станда (Шымкент қаласы «Асар» шағын ауданында - 575 тұрғын үй) жүзеге асып, жалғасын табады. Жалпы, бұл жұмыстарға 14,1 млрд теңге сомасында қаржы қаралып, оның ішінде 9,2 млрд теңге тұрғын үй, 4,9 млрд теңге инженерлік коммуника­циялық құрылыстарына жұмсал­мақ. Осы­ған орай тиісті инженер­лік коммуникациялық және әл­­еу­меттік инфрақұрылымы бар 1478 тұрғын үй салынбақ. Айта кететін бір мәселе, тұрғын үйге және инженерлік коммуника­циялық және әлеуметтік инфра­құры­лым­ға республикалық бюд­жеттен қаржы қарастырылса, сы­рт­қы магистраль желісінің құрылысы жергілікті атқарушы органдар есебінен жүргізілетін болады.

Аталған бағдарламаның қаты­сушылары 2010 жылдан бастап бір жолғы жәрдемақы алатын болады: солтүстік өңірлер бойын­ша отбасы отағасы 100 АЕК (141 300 теңге), отбасы мүшелері - 75 АЕК (105 975 теңге), орталық үшін - 65 АЕК (91 845 теңге), еліміздің оңтүстік облыстарына - 55 АЕК (77 715 теңге).

- Жалпы, мұндай бағдарла­маның жүзеге асқаны жақсы. Бірақ күтілетін нәтиже қандай болмақ?

- Елімізге оралып жатқан қандастарымызды тұрақты жай­ластыру мақсатында әзірленген бұл бағдарлама - мемлекет тара­пынан көрсетілер қолдаудың тари­хи белгісі ретінде және этни­калық, ішкі және сыртқы көші-қонды реттеуге және оларды өңірлердің әлеуметтік-экономи­калық даму мүддесіне бағын­дыруға мүмкіндік береді. Соны­мен қатар жұмыссыздыққа және стихиялы көші-қонға байланысты ықтимал әлеуметтік қатердің алдын алады, ұлттық шоғырлану процесінің одан әрі дамуын, әлеуметтік тұрақтылық пен өзара келісімнің нығаюын, демо­гра­фиялық ахуалдың жақсаруын қам­тамасыз етеді. Бағдарлама солтүстік өңірлерде демография­лық жағдайды арттыруға мүм­кіндік береді. Сондай-ақ бағ­дарлама негізінде қолданыстағы кейбір көші-қон заңдарына өзге­ріс­тер енгізіледі.

Әрине, отандастарымыздың жаңа ортаға тезірек бейімделіп, өңірлердің әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуына жаңа серпін бере отырып, көші-қон саласын жүйе­лі түрде реттеуге бағдарламаның өз ықпалын тигізері анық. Бірақ кө­шіп келушілер бұл бағдар­ла­маға сеніп, тоқмейілдік танытып, жайбасарлық көңіл күйден аулақ болғандары дұрыс. Бағдарла­ма­ның мәні - көшіп келушілердің еңбек және интеллектуалдық қабі­леттерін еліміздің әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерімен ұштастыру болып табылады. Де­мек, бұл жерде екіжақты қажет­тілік болуы керек, мемлекет әлеуметтік көмек көрсетсе, көшіп келуші өзіне белгілі бір міндет­терді алуы қажет.



Берік БЕЙСЕНҰЛЫ 13.05.2010 "Айқын"

Пікір жазу үшін тіркелуіңіз керек!
Сайтымызға тіркеліп үлгермесеңіз осы жерден тіркеліңіз.
Осы тақырыпқа жазылған пікірлер


     Журналистер
Есенгүл
Бекен
Кәмшат
Асқар
Mesut
Kendebay
yesmhan
Kuat
Токтар
Saulebek
сәулебек
орал
> Басқа журналистер
     Соңғы сурет
 
 


  © Атамекен-Асар. 2007