Гүлсара Алтынбекова, Көші-қон комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің директоры:
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері алыс-жақын шетелдерден атажұртқа оралған қандастарымыздың саны миллионға жуықтаған. Бұл жері көп, халқы аз Қазақ елі үшін үлкен күш екендігі даусыз.
Ұлтымыздың мұндай демографиялық жаңғыруға қол жеткізуіне Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ғасыр тоғысындағы стратегиялық сәтті шешімі мұрындық болды. Содан бері жалғасқан ұлы көш «Нұрлы көшке» ұласты. Сондықтан «Көші-қон» мәселесі әлі де өзекті қалпында. Көші-қон комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің директоры Гүлсара Алтынбековамен осы мәселе жөнінде әңгімелескен едік.
Стратегиялық басым бағыттардың бірі – көші-қон
Мемлекет үшін ең үлкен байлық – халық, – деп бастады әңгімесін Гүлсара Асылбекқызы. – Мемлекетті байытатын да, құлдырататын да халық. Оның бүгінгі дәлелі – арзан еңбеккүштің арқасында экономикасы қарыштап дамып, дүниежүзінің тауар өндірісін монополиялап алған Қытай елі. Ал керісінше Жапония, Англия, Германия, АҚШ сынды алпауыт елдер жан саны өсімінің күрт төмендеуінен алаңдап отыр. БҰҰ-ның болжамы бойынша, 2000-2050 жылдары дамыған елдерде халықтың, әсіресе оның экономикалық белсенді бөлігінің санын ұстап тұру үшін елеулі көлемде шетелден келетін еңбеккүші қажет екен.
– Бұл мәселе біздің елімізде қалай шешімін тауып жатыр?
– Осы жағдайларды ертеден ескерген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің 2030 жылдарға дейінгі стратегиялық даму бағдарламасындағы сегіз басымдықтың бірі ретінде 2015 жылға дейін республика халқының санын 20 миллионға жеткізуге Үкімет алдына бірқатар міндеттер қойды. Сол міндеттердің бірі – шетте жүрген 5 миллиондай қандасымыздың елге оралуын қамтамасыз ету. 1991 жылдан бүгінге дейін елімізге 1 миллиондай қазақ оралса, алдағы 3 жылда 60 мың отбасы, яғни орта есеппен 300 мыңдай адамды көшіріп алу жоспарланып отыр.
Еліміз ұстанған көші-қон саясатының басты мақсаты шетелдегі қандастарды Отанға көшіру. Мұның тиімділігі – Қазақстандағы мемлекетқұрушы ұлттың санын арттырып, ірі халықтармен ассимиляцияланып кету қаупінің алдын алу. Қазақ көшінің басқа елдерде жүргізіліп жатқан иммиграция саясатынан парқы да, абзалдылығы да осында. Сондықтан Қазақстандағы әрбір азамат көшіп келген оралмандарды қазақ еліне келген құт, сырттан келген көмек деп түсінгендері абзал.
«Нұрлы көштің» мақсаты – баспанамен қамту
– Өзіңіз білесіз, Елбасының тапсырмасымен қабылданған «Нұрлы көш» бағдарламасына біраз уақыт болды. Осы бағдарламаның қалай жүргізіліп жатқанынан аз-кем мәлімет бере кетсеңіз…
– Елбасы көші-қон мәселесін жүйелі түрде жолға қоя отырып, Үкіметке үлкен тапсырма берген болатын. Сол тапсырманың игілікті нәтижесіндей «Нұрлы Көш» бағдарламасы жасалынды. Ел үкіметі «Нұрлы көш» жобасы арқылы елімізде баспанасыз жүрген оралмандар мәселесін шешпекші.
Бұл бағдарламаның басты ерекшелігі алғаш рет ішкі және сыртқы көші-қонды қамтитын біртұтас бағдарлама ретінде әзірленгендігінде. Сондай-ақ, бағдарлама бойынша көшіп келушілерді жұмыспен, тұрғын үймен және әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесін шешу қарастырылған. Еліміздің Солтүстік, Оңтүстік және Орталық аумақтық даму өңірлері «Нұрлы көш» бағдарламасына қатысушыларды негізгі қабылдаушы аймақтар болып табылады.
– Жалпы, «Нұрлы көш» бағдарламасының кейбір кемшін тұстары жөнінде де аз айтылып жатқан жоқ. Осыған не дейсіз?
– «Нұрлы көш» басталды. Бірақ бағдарламаның төрт құбыласы түгенделді деп айта алмаймын. Өйткені әрбір іргелі жұмыстың етек-жеңін жинастыру оңайға соқпайды. Дегенмен еліміз үшін, халқымыз үшін бір игілікті істің басы қайрылды десек артық айтқандық болмас. Себебі, «Нұрлы көш» болашаққа жол тартқан жоба. Оның берері алда. Ал кейбір шешілмей жатқан түйткілдер болса ол бірте-бірте өз шешімін табады. Өйткені бағдарламаның тиімді жүзеге асуын Үкімет пен Елбасы өз назарында ұстап отыр. Сондай-ақ, Көші-қон комитетінің төрағасы Хабылсаят Әбішев мырза да мүмкіндіктің барынша бағдарламаның орындалуына күш салуда. Бір айта кетерлігі Алматы мен Астана қаласы «Нұрлы көш» бағдарламасына қатыспайды.
Алматыдағы ағайындардың жайы
– Сонда ат басын бас қалаларға бұрған қандастарымыз қайтпек?
– 2004 жылға дейін қалаға келген оралмандарға үй берілетін. Қазір оларды тиісті заңдарға сәйкес квотаға енгізіп, жәрдемақы төлейміз. Бірақ Алматы қаласы бойынша квота аз бөлінеді. Былтыр тек қана 130 отбасын қабылдадық. Ал «Нұрлы көшке» ниет танытқан әлеуметтік жағдайы төмен, баспанасы жоқ оралмандар болса оларды жолдамамен облыстарға жібереміз. Мысалы, өткен жылы 30 отбасыны Көкшетауға жібердік.
Дегенмен, 1993-2010 жылдар аралығында Көші-қон комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінде 2513 оралман отбасы, яғни 7857 адам есепке тұрды. Бұл аз көрсеткіш емес, әрине. Өйткені, олардың 50,2 пайызы ер адамдар болса, 49,8 пайызы әйелдер. Жалпы, 63 пайызы еңбекке жарамды азаматтар. 31 пайызы жасөспірімдер. Тек 5,7 пайызы ғана зейнеткерлік жаста. Бұл еліміз үшін, қаламыз үшін үлкен адам байлығы деген сөз. Олардың басым көп бөлігі жоғары білімді. Айталық, Алматыға оралған оралмандар ішінде 15 ғылым докторы, 67 ғылым кандидаты бар.
– Бұрындар «оралман» мәртебесін алуға сабылып жүрген ағайындарымызды көп көретінбіз. Ал қазір бұл мәселе өз шешімін тапқан секілді. Жалпы осы «Оралман куәлігінің» ерекшелігі неде?
– Куәліктің басты ерекшелігі – келіп жатқан қандастарымыздың осында өмір сүруіне қолайлылық жарату. Айталық, келген оралман уақытша тіркеуге тұрған соң, Қазақстанда тұрақты тұруы үшін «Оралман куәлігін» алуға өтініш білдіре алады. Біз тиісті ережелерге сәйкес оларға куәлік береміз. Олар сол арқылы РНН ала алады. Жұмысқа тұра алады. Былтыр «Жол картасы» бағдарламасымен 18 адамды жұмысқа тарттық. Қандастарымыз «Оралман куәлігімен» жеңілдетілген түрде Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құжат тапсыра алады.
Шешілмеген түйіндер де аз емес
– Қазақ көшінің қарқын алуына кедергі болып, шешілмей жатқан мәселелер деп нелерді айтар едіңіз?
– Әрине, «өрелі істің өрі көп». Ең үлкен мәселенің бірі оралмандардың тұрақты мекенжайға тіркелу мәселесі. Бұл ұзақ жылдан бері күрмеуі шешілмей жатқан түйін. Естуімше, алыстан келген ағайынды тұрақты тіркеуге тұрғызып, нәпақасын айырып жүрген делдалдар баршылық көрінеді. Қазіргі заңымыз бойынша мұндай күрделі мәселелерді шешуге мүмкіндігіміз жоқ. Алдағы уақытта неғұрлым шешу жағын қарастырамыз деп ойлаймын. Оралмандарды қалыптастыру жағы да көп әңгіме. Өйткені олар бұрын тұрған елінде сол мемлекеттің жазуымен оқыған. Енді елге келген соң тірлігін әріп танудан бастуы керек. Бұл әрине, қиыншылық тудырады. Сондықтан облыстардан оралмандарды бейімдеу орталықтарын ашылуда.
Тағы бір түйткілді мәселе оралмандарға медициналық көмек беру мәселесі. Асылы заң бойынша оларға тегін медициналық көмек көрсетілуі керек. Өкінішке орай медициналық мекемелеріміз бұл жағынан құлшыныс танытпай отыр. Сондықтан, біз қазір Қалалық денсаулық басқармасымен бірлесіп, оралмандарға тегін медициналық көмек көрсету жағын қарастырып жатырмыз.
Шетелде жоғары білім алған қазақ зиялыларын елге оралуға үгіттеп, оларға жағдай жасау, олардағы білім ресурстарын еліміз үшін кәдеге жарату, осы арқылы елімізге зәру мамандардың орнын толтыру да кезек күттірмейтін міндет. Біз сол арқылы қажетті мамандарды тәрбиелеуге кететін қаражат пен уақытты үнемдеуімізге болады.
Жалпы, осы департаментке келгеннен бері отанына оралған қандастарымыздың жағдайын ет жүрегіммен түсініп, оларға тиісінше көмек көрсетіп келемін. Бұл тек қызмет талабы ғана емес өте үлкен сауапты жұмыс деп есептеймін. Бірақ миллиондаған қазағымыз әлі сыртта жүр. Ондағы ұлттық проблемаларда күн сайын көбеюде. Сондықтан ағайындарымызды тезірек елге оралту жағын бір сәт естен шығармағанымыз абзал. Кейбіреулер айтады: «Бізге оралман керек пе, керек емес пе?» деп. Менің жеке пікірім – біз егер болашақты ойласақ сырттағы қазақтарды елге оралтуымыз қажет. Бұл үлкен жұмыстың жемісін ұрпақтарымыз көретін болады. Қара көздердің қатары артып, қарасы көбейгеннен ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.
Әңгімелескен Біләл Қуаныш
"Ана тілі" апталығы
http://anatili.kz/?p=3742
Пікір жазу үшін тіркелуіңіз керек! Сайтымызға тіркеліп үлгермесеңіз осы жерден тіркеліңіз.