Жат жерде жүрген отандастарын қанатының астына жинайтын үш мемлекеттің біреуі деп мақтанатын Қазақстанның жылына жиырма мың отбасын елге алып келе алмауы ойланарлық нәрсе. Ресми бөлінетін квотаның көлемі былтыр 15 мыңнан 20 мыңға көбейтілгенін айтып, жар салғанымызбен, ең ақырында оны толық игеруге қауқарсыз болып шықтық. Осы орайда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев бөлінген квотаның толық игерілмей қалуының себебін көші-қонды ұйымдастыру жұмыстарының дұрыс жүргізілмей отырғандығынан көреді. - Бөлінген квота бойынша неге елге 20 мың отбасы көшіп келмеді деп ешкімді кінәлауға болмайды. Қаржы толық игерілді деп өтірік ақпарат бергенше, нақты мәліметтерді ұсынып, қалған қаражаттың Үкімет қоржынында қалғаны дұрыс. Ђйткені бұған дейін елге оралмаған отбасыларды көшіп келді деп жалған ақпарат беріп, бөлінген қаржыны жымқырып отырған жағдайлар орын алды. Құқық қорғау органдары тексеру жүргізген кезде, "бәленбай отбасы көшіп келді" делінген ауылдарға бірде-бір отбасы қоныс аудармағаны анықталып жатты. Көші-қон комитетінің басшылығы ауысқалы бері бұл мәселе жолға қойылғандығын айта кету керек. Бірақ бүгінгі күні бізде өздері өтініш білдірген азаматтар ғана елге оралып, көші-қон комитетінің мамандары тек солармен жұмыс істеуде. Көшті дұрыс ұйымдастыра алмағандықтан, бөлінген квота толық игерілмей қалды. Бізге шетелде жүрген қандастарымызға отанына оралудың жолын түсіндіріп, ақпараттандыру жұмыстарын кең көлемде жүргізу қажет. "Өзі келсін, біз күтіп аламыз" деп қарап отырсақ, көші-қон жұмысы ешқашан алға баспайды. Қазақтар көп шоғырланған Өзбекстан, Моңғолия, Тәжікстан секілді елдерде ұйымдастыру жұмыстарын жүргізсе, ұтарымыз көп болмақ. Әрине, өзге елге барып "сен елге көш" деп те айта алмайсың. Сондықтан біріншіден, түрлі қоғамдық ұйымдарды тиімді пайдалана білу керек. Екіншіден, Қазақстанның әр елдегі елшіліктері осы бағытта жұмыс жасаса, құба-құп. Ол үшін елшіліктерде тек қана көші-қонмен айналысатын мамандар отыруы шарт. Әсіресе, Өзбекстан мен Қытайда.
Ал Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, депутат Қылышбай Бисенов бөлінген квотаның толық игерілмей қалуы тек 2009 жылға ғана тән көрсеткіш болуы мүмкін деген пікірде: "Биыл елге оралуға ниет білдіретіндердің саны квотадан асып түсуі де ықтимал. Қазақстан отандастарымыздың атамекенге келуіне барлық жағдайды жасап отыр. Елге көшіп келетіндердің саны экономикалық қиыншылыққа байланысты азайып кеткен. Бірақ бөліген квота игерілмей қалды екен деп, оны азайтып жіберуге болмайды. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық туралы ақпараттандыру жұмысын жүргізу керек".
Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың берген мәліметтеріне сүйенсек, 2009 жылы құжаттарын өткізген 16335 отбасының 15534-і атамекенге табан тіреп, тиісті қаржылық көмектерін алған.
- Біріншіден, квотаға бөлінетін жылдық төлем 16-17 млрд. теңгені ғана құрайтындықтан, шет жерлердегі қандастарымызды өзіміз көшіріп алып келуге қаражат жетпейді. Ал көші-қонға осы мақсатта қосымша 200-300 млрд. қаражат қажет десек, қазіргі дүниежүзілік дағдарыс уақытында бұл өзін-өзі ақтамайтыны бесенеден белгілі. Екіншіден, қазіргі кезде әр ел өзінің демографиялық қауіпсіздігін сақтау мақсатында, өзге ұлт өкілдері тарихи отандарына көшіп кетпес үшін жайлы жағдай жасап, түрлі кедергі туғызады. Мәселен, Өзбекстаннан көшкісі келген азамат тұрғылықты мекен-жайынан тіркеуден шығу үшін 200 мың сум төлеуі қажет. Ал оны барлығының қалтасы көтермейтіні анық. Осы мақсатта Қытай мен Түрікменстан елдерінде виза мен төлқұжат беруді тіптен қиындатып жіберген. Ал Моңғолияда виза алу үшін, Ресейден транзитпен өту үшін біраз шығындалуға тура келеді. Бұл елдердегі қазақтардың мекенжайларын сату мәселесі де қиындап кеткен. Жергілікті халық тегін немесе төменгі бағаға ғана сатып алуды ойлайды. Мұның барлығы елге оралғысы келгендердің аяғына тұсау, - дегенді алға тартады Нұрымбет Аманұлы.
Көші-қон комитетіндегілер биыл бөлінетін қаржыны толық игереміз деп отыр. Қалай дегенмен де, Қазақстан секілді демографиялық ахуалы сын көтермейтін мемлекеттің бір жылда 20 мың отбасыны шашауын шығармай көшіре алмауы елдігіне сын...
Үмітжан Жапар
20.01.10. "Айқын" газеті